22 наурыз - Ұлыс күні жыл басы саналған. Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр ата аралайды. Бұл күн қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады, әйелдер құшақтасып, бір-біріне жақсы тілектер айтады. Ренжіскен адамдар татуласады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді. Осы күні адамдар арам пиғыл, жаман ниеттен тазарады.
Алтыбақан басында ән айтылып, би биленеді, күй тартылады. Дәстүрлі ұлттық ойындар (көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, т.б.) ойналады. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады. Бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы — тазаланған арықтарға су жібереді, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін жасайды. Наурыздан кейінгі 2-күні жұрт жаппай көктемгі егіске кіріседі.
2-тапсырма
Тірек сөздермен сөйлем жасаңыз. Сөз тіркестерін пайдаланып, негізгі ойды баяндаңыз.
• Қыдыр ата ….
• Ер адамдар …
• Әйел адамдар ...
• Көршілер …
• Жастар …